Спорт • Бүгін, 17:12

Геннадий Головкин Көкшетаудағы спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының Көкшетау қаласында заманауи «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешені ашылды. Елде баламасы жоқ бұл нысан арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен салынған. Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қаржы министрі Мәди Такиев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Іс-шараның құрметті қонақтары World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин, UFC аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды, деп жазады Egemen.kz.

Геннадий Головкин Көкшетаудағы спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты

Құттықтау сөзінде Берік Асылов кешеннің пайдалануға берілуі Мемлекет басшысының активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесі әрі Әділетті Қазақстан құруға бағытталған жүйелі саясаттың бір бөлігі екенін атап өтті.

«Біз қайтарылған активтердің мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауда ұстаймыз, әрбір теңге Қазақстанның дамуына қызмет етуі тиіс. Бұл шаралардың барлығы «Заң мен тәртіп» идеологиясына сай келеді және қоғам игілігі үшін жұмыс істеп, спортты дамытуға, жастарды «Адал азамат» тұжырымдамасы рухында тәрбиелеуге жағдай жасайды», деп атап өтті Берік Асылов.

Ақмола облысының әкімі бұл спорт нысаны жай ғана спорт кешені емес, ұлттың болашағына, балалар мен жастардың денсаулығы мен дамуына салынған инвестиция екенін айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұқаралық спортсыз дені сау ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін атап өткен болатын. Сондықтан спортты дамыту, жастарды қолдау және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі. «Kokshe Arena» – кәсіби спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды біріктіретін жаңа мүмкіндіктер кеңістігі. Кешен барлық заманауи талаптарды ескере отырып салынған және халықаралық стандарттарға толық сай», деді Марат Ахметжанов.

Кешен құрамында заманауи мультимедиялық жүйелермен жабдықталған 650 орындық зал, скалодромы мен өрт-құтқару қолданбалы спорт түрлеріне арналған мұнарасы бар әмбебап спорт залы, сондай-ақ бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары бар. Барлық жабдықтар олимпиадалық стандарттарға сай сертификатталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы жабдықтар да қарастырылған. Ғимараттың ең жоғарғы сыйымдылығы – шамамен 1000 адам.

Кешенге іргелес аумақта жеңіл атлетика аймағы, ойын спорт түрлеріне және лақтыру жаттығуларына арналған алаңдар, сондай-ақ демалыс аймақтары мен абаттандырылған жаяу жүргіншілер кеңістігі орналасқан.

Ашылу аясында спорт кешенінде Астана мен Шымкент қалаларынан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарынан келген белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының өкілдері, сондай-ақ биыл халықаралық жарыстарда жүлделі орын алған ақмолалық спортшылар марапатталды.

«Kokshe Arena» спорт кешені өңірдің спорт инфрақұрылымындағы маңызды нысанға айналып, жаттығулар, бұқаралық іс-шаралар мен халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге барлық жағдай жасайды.

Айта кетейік, бұл спорт кешені – өңірде қайтарылған активтер есебінен салынған екінші спорт инфрақұрылым нысаны. Бұған дейін облыста Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі ашылған болатын. Жалпы арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Ақмола облысында 42 әлеуметтік нысан салу жоспарланған, оның ішінде 14 денсаулық сақтау мекемесі, 26 су жабдықтау нысаны және 2 спорт мекемесі бар.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00